10.07.2018, 11:46 1846 «Астана Арланс» - әлемдегі ең мықты боксшылар құрамасы

«Арландар» неге ең мықты боксшылар құрамасы екенін айтамыз, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі «Астана» Президенттік клубына сілтеме жасап.

«Астана арландары» – әуесқой бокста өзін баяғыда-ақ мойындатқан, талай жеңістің дәмін татқан команда. WSB жобасындағы тұңғыш, әрі жалғыз үш дүркін чемпион. Биыл финалда «Кубаның батырларын» жеңер болса, төрт дүркін чемпион атанбақ.

Жалпы, «арландар» Дүниежүзілік бокс сериясына бірінші маусымнан бері қатысып келеді. Алғашқы маусым 2010 жыл еді. Клуб та сол жылы құрылған. Сол кезден бастап команда үнемі жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Ал өз тарихын «Астана арландары» бірден сәтті бастап, алғашқы маусымда-ақ финалға дейін жеткен.

Бірінші маусымда Дүниежүзілік бокс сериясына әлемнің 10 елінен 12 команда қатысқан. Яғни, «арландар» өздерін бірден осынша елге мойындата алды. Команда сапында 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасына қатысқан боксшылар болған еді.

Нақты айтсақ, «арландардың» намысын Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, бүгінде кәсіпқой бокста қарсыластарын қоғадай жапырып келе жатқан Қанат Ислам, сондай-ақ, Бейжің Олимпиадасының жеңімпазы Бақыт Сәрсекбаев және еліміздің үздіктері Мерей Ақшалов, Қанат Әбутәліпов, Руслан Мырсатаевтар қорғады.

Дегенмен, алғашқы чемпиондық атағына команда үшінші маусымда қол жеткізді. Маусым басында командаға Мейірболат Тойытов, Мирас Жақыпов, Мирас Байырханов сынды марғасқалар қосылып, легионерлер де көмектескен еді.

Финалдық жекпе-жек Қазақстанда өткен еді. «Сарыарқа» спорт кешенінде «Астана арландары» мен «Украина атамандары» кездесіп, жерлестеріміз құрамында Василий Ломаченко, Александр Усик, Александр Гвоздик сынды атынан ат үркетін украиналықтарды тізе бүктірген.

Келесі маусымнан бастап WSB жобасына кубалықтар қосылып, «Астана арландары» үшін Дүниежүзілік бокс сериясы тіптен қыза түсті. Екі бітіспес команда 2017 жылдың финалында кездесті. Бұл кезде екеуінің де еншісінде екі кубоктан бар еді. «Арландар» өз жетістіктерін 2015 жылы қайталаса, кубалықтар алғашқы маусымында-ақ, яғни 2014 жылы жеңіске жетіп, 2016 жылы екі дүркін атанды.

Ал 2017 жылғы финал өте тартысты өтті. Командалар Астанада кездескен еді. 10 жекпе-жектен кейін 5:5 есебі тіркеліп, қосымша айқаста Олжас Байниязов текетірес тағдырын «Астана арландарының» пайдасына шешті.

Қазақстанға кубалықтар Олимпиада ойындарының алты жүлдегерін әкелген еді. Оның бесеуі Риодағы Олимпиадада жүлде алған. Ал Рониэль Сотолонго 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында атой салған.

Осылайша, азулы «Куба батырларын» жеңген «Астана арландары» жеңіс жағынан Дүниежүзілік бокс сериясында бірінші орынға шықты. Еншімізді үш кубок бар. Өз кезегінде басты бәсекелесіміз кубалықтарда екі жеңіс. Сонымен қатар, үш алтыннан бөлек, «арландарда» бір күміс, үш қола бар. Биыл «Астана арландары» үйреншікті рет финалға шықты. Қарсыластарымыз тағы да «Куба батырлары».

«Арландар» сапына Қазақстан ұлттық құрамасының да боксшылары шақырылып тұрады. Мәселен, 2015 жылы команда намысын Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы, Иван Дычко, Әли Ахмедов, Асланбек Шымбергенов, Айдос Ербосынұлы, Зәкір Сафиуллин және Теміртас Жүсіпов сынды саңлақтар шақырылды.

«Дрим Тим» бірінші орын әперді. Одан кейін әрқайсысының жеке карьерасында өрлеу басталды. Елеусінов 2016 жылғы Олимпиада чемпионы атанып, қазір кәсіпқой бокста сәтті өнер көрсетіп жүр. Дычко Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері атанды. Қазір ол де Данияр секілді кәсіпқой бокста жүр. Сондай-ақ, кәсіпқойға Ахмедов пен Ербосынұлы да ауысты.

«Астана арландары» сапында жүріп жерлестеріміз Олимпиада ойындарына да жолдамалар жеңіп алды. Қанат Әбутәліпов 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына қатысуға осы Дүниежүзілік бокс сериясы көмектессе, Василий Левит «арландар» арқылы 2016 жылғы Рио Олимпиадасына аттанып, елге күміспен оралды.

2013 жылы команда «Астана» Президенттік клубының құрамына еніп, Қазақстан спортын халықаралалық аренада танытып қана қоймай, «Астана» брендінің асқақтауына үлес қосты. «Арландар» ел ішінде де боксты дамытуға септігін тигізіп жатыр. Ұлттық құрамаға өтер алдында көптеген жас боксшылар осы «Арландар» сапында шыңдалып жататыны да бар.

Сонымен қатар, 2016 жылдан бастап «Астана арландары» легионерлерден түбегейлі бас тартып, тек жергілікті боксшыларға ғана иек арта бастады.

Тағы бір маңызды қадамдардың бірі – сыртқы саясатының ауысуы. 2018 жылдан бастап клуб қайырымдылық шараларын да қолға ала бастады. Клуб басшылығы әртүрлі аукциондар ұйымдастырып, одан түскен қаражатты науқас балаларды емдеуге жұмсайды.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал