06.06.2018, 17:17 2908 Елеусінов венгриялық боксшыны қай раундта нокаутқа түсіреді

Фото - Matchroom boxing

Бүгін қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов Лондонда венгриялық боксшымен айқасады. «SPORTINFORM» САА тілшісі алдағы кездесуге талдау жасап, жерлесіміз нокаутпен жеңіске жетеді деп болжам жасады. Біз бар дәлел мен дәйектерді түзіп көрдік.

Лондондағы «York Hall» орталығында өтетін қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов пен мажар боксшысы Золтан Шабо арасындағы жекпе-жектің басталуына да аз уақыт қалды. Күні бүгінге дейін жанкүйерлер Елеусіновтің қарсыласы кім болады деп бас қатырумен болды. Ол 30 жастағы Габор Горбичпен (24-11, 14 КО) жұдырықтасады деп келісілген еді. Алайда, венгриялық боксшы жарақатына байланысты жекпе-жекке шыға алмай, оның орнына басқа Венгрия спортшысы Золтан Шабо бекітілді.

Сөздің турасын айтқанда, қазақстандық боксшының қарсыласы ұрысқа екі күн қалғанда ауысқандығы ешкімге де жаңалық болған жоқ. Жаңа қарсылас ешкімді де қызықтырмады. Неге десеңіздер, кәсіпқой боксқа енді қадам басқан Елеусінов бірден азулы қарсыластармен төбелеспейтіндігі айдан анық. Әзірге алда 9-10 ұрыс өтпей Данияр терезесі тең боксшымен шаршы алаңға шықпайды. Мұны бокс мамандары, сарапшылар, тіпті, жанкүйерлер де ұғынып отыр.

Былайша айтқанда, жеңісті жерлесіміздің қоржынына салып қойдық. Жекпе-жектің өзектілігі жоғалды. Тек қазақстандық боксшының Шабоны қай раундта сұлатып түсіретіндігіне болжам жасаудан басқа амал да қалмады.

Елеусінов төртінші раундта қарсыласын нокаутқа түсіреді

Венгриялықтар отандастарына қанша үміт артса да, Золтан ешқашан да техникасы мықты боксшыны жеңіп көрмеген. Оның қарсыластарының арасында кәсіби шеберлігі жоғары спортшылар жоқтың қасы. Ал, өткізген жекпе-жектерінің көп бөлігінде жеңіс тойлаған былғары қолғап шеберлеріне ол ұдайы жол беріп отырған. Одан бөлек, венгриялық сайыпқыран ешқашан Олимпиада чемпионына қарсы тұрып көрмегендігі де бар. Мұның барлығы психологиялық қысым тудыратындығын тағы қосыңыз. Золтан Шабо 24 жасында 34 кездесу өткізіп үлгерсе де, сарапшылар тарапынан басымдыққа ие бола алмады.  

Мажар боксшысы тактикалық қателіктерге жиі бой алдырады. Ол ең көп соққы жіберіп алатын спортшылардың қатарынан табылады. Ал, еуропалық үшін кез келген қателік  кездесудің басталмай жатып аяқталуына әкеп соғатындығы белгілі.

Атап өту қажет, Елеусінов кәсіпқой бокста тек бір ғана кездесу өткізді. Ал, әуесқой бокста отандасымыз көп нокаут жасай алған жоқ. Ол нокаут шебері емес. Мұны барлығы біледі. Данияр еркін мәнерде әдемі ойын өрнегін көрсетумен танылды. Шаршы алаңда әбжіл қимылдап, шоу көрсетуді мақсат тұтты. Сол себепті де, алғашқы үш раундта қарсыласы ес-түссіз жатады деп айтуға болмайды.

Тек нокаут қана бұл кездесудің көркін ашады. Елеусінов бар күш-жігерін қарсыласын сұлатып түсіруге жұмсайтын болады. Тек сол жағдайда ғана ол өзін промоутерлік компанияға да, әлемге де танытып, мойындата алады.

Жекпе-жектің тағдыры отандасымыздың қолында. Данияр Золтанды артынан жүгіртіп, шалдықтырып, өзінің мәнерінде екі бүйірден соққылаған жағдайда венгриялық боксшы 4 раундттан ары шыдай алмайды. Айтылған раундқа дейін ол қарсыласының адымын аңдып, оның ойын оқып алады. Ақырында оңай жеңіске қол жеткізеді.

Даниярдың басты кемшіл тұсы оның басты қаруына айнала алады. Оның кәсіпқой бокстағы тәжірибесі Шабомен, тіпті, салыстыруға да келмейді. Алайда, оның жеңіске деген құштарлығы барлығын жеңіп шығуы мүмкін.

Еске сала кетейік, қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов бүгін Ұлыбритания астанасы Лондонда WBA Continental және Британдық серіктестіктің чемпиондық белбеуіне таласатын Лоуренс Околи мен Люк Уоткинның андеркатында өнер көрсетеді.

Жекпе-жек Астана уақытымен 02.00-де басталады.  «Хабар» телеарнасы айтылған кездесуді тікелей эфирде көрсетеді.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал