09.07.2018, 5:11 1870 Хиросима - 94: Қазақстан алғаш рет қатысқан Азия ойындары туралы не білеміз

Жазғы Азия ойындарының тарихы тым әріде жатыр. Құрлықтың кішігірім Олимпиадасы 1951 жылдан бастап өткізіліп келеді. Алайда, Қазақстан құрамасы дербес ел ретінде Жазғы Азия ойындарына 1994 жылдан бастап қатысуда. Кеңес Одағы күйрегеннен кейін Азия Олимпиада Одағы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан және Тәжікстанды өз құрамына қабылдап, 1994 жылы Жапонияның Хиросима қаласында өткен Азиадаға қатысуға рұқсат берді. Сол сыннан бері қазақстандықтар Азия ойындарынан сырт қалған емес. Olympic.kz сайты тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы ірі додаларының бірі – Хиросимадағы Жазғы Азия ойындарын бір шолып өтті. 

Қазақстан Азия Олимпиада Одағына қабылданған бетте құрлықтағы үздіктер көшіне ілесетінін бірден дәлелдеді. Отандық спортшылар Жапония төрінде 27 алтын, 25 күміс және 27 қола медаль жеңіп алды. Жалпы есебі 79 медаль иеленген жерлестеріміз командалық сында Қытай, Оңтүстік Корея және Жапониядан соң төртінші орынға табан тіреді.

Хиросимадағы додада Қазақстан қоржынына уыстап алтын салғандар қатарында жеңіл атлеттер, ескек есушілер мен мергендер тұр. Константин Негодяев пен Сергей Сергеев байдарка мен каноэде ескек есуден жұптасып өнер көрсетуде қос-қостан алтын алса, жекелей сында Негоядевке тең келер ешкім болмады. Сондай-ақ, спорттың осы түрінен Дмитрий Исаак пен Сергей Сергеев те чемпион атанған. Ескек есушілер 4 алтын иеленді.

2003 жылы Париж-Ницца тас жолында жарақат алып, жарыс кезінде көз жұмған велоспортшы Андрей Кивилев егемен еліміз қатысқан ең алғашқы Азия ойындарында көк туымызды желбіреткен еді. Болашақ Олимпиада чемпионы Александр Винокуров та командалық сында алтын жүлде жеңіп алды. Велоспортшылар бұл сында 3 алтын медальды қанжығасына байлады.

Сондай-ақ, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигина да тап осы турнирде өзінің сүйікті қашықтығы – 100 метрге кедергілермен жүгіруден жеңіске жетті. Жеңіл атлеттер жалпы есебі 4 алтын жеңіп алған. 

Боксшылар додасында қазақ боксында есімі алтын әріппен жазылған Нұржан Сманов пен Қанатбек Шағатаевтар жеңіске жетті.

Біздің оң жамбасымызға келетін спорт түрі – күрестен де олжалы оралдық. Қазақстан балуандары Хиросима кілемінен 3 алтын ұтып алды. Еліміздің даңқты балуаны Дәулет Тұрлыханов пен болашақ Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко классикалық күрестен чемпион атанса, еркін күресте әйгілі Мәулен Мамыровқа ешкім тең келген жоқ. 

Жапониядағы Жазғы Азия ойындарында Қазақстан спортшылары су добынан чемпиондық атақ иеленіп, ауыр атлетика, стенд ату, семсерлесу сынды спорт түрлерінен еліміздің әнұранын бірнеше рет шырқатты. 

1996 жылғы Атланта Олимпиадасында қазіргі бессайыстан алтын алған Александр Парыгин, қазақ боксындағы шоқтығы биік тұлға Аркадий Топаев, даңқты ауыр атлет Анатолий Храпатыйлар Хиросимадағы Жазғы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанған спортшылар қатарында.

Қазақ боксшыларының Олимпиададағы алтын жолын бастап берген Василий Жиров, Сиднейде финалда ғана сүрінген балуан Ислам Байрамуковтер өздері қатысқан алғашқы Азия ойындарынан қоламен оралған еді. 

1994 жылы өткен Хиросимадағы Жазғы Азия ойындары қазақ спортының болашақ жұлдыздарын жаққан, елеулі оқиғаға толы бәсеке болатын. Тап осы ойындардан соң Қазақстанның егемен ел ретіндегі спорт әлеміне сапары басталды.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал