04.07.2018, 17:01 4579 Мэнни Пакьяо – Лукас Матиссе және тағы басқа шілде айының ТОП-5 жекпе-жегі

Әдеттегідей әр айдың басында алдағы 30 күннің ТОП-5 жекпе-жегін ұсынамыз. Бұл жолы хронология бойынша емес, маңыздылығы бойынша тізіп өтуді жөн көрдік.

Олександр УСИК (Украина) 14-0, 11КО – Мурат ГАССИЕВ (Ресей) 26-0, 19КО

21 шілде (Мәскеу). Ауыр салмақ

Жыры ұзаққа созылған айқастардың бірі осы болған шығар. Дүниежүзілік бокс суперсериясының финалы аясында украиналық Олександр Усик пен ресейлік Мурат Гассиев кездеспек. Екеуінің еншісінде төрт белбеу бар. Сондай-ақ, Мұхаммед Әли кубогы мен The Ring журналының чемпиондық белбеуі сарапқа салынады. Сонымен, әлем чемпионатынан кейін өтетін жекпе-жекте қайсысы жеңіске жетуі мүмкін?

Майки ГАРСИЯ (АҚШ) 38-0, 30КО – Роберт ИСТЕР (АҚШ) 21-0, 14КО

28 шілде (Лос-Анджелес). Жеңіл салмақ

Кәсіпқой бокста қарсылас шақ келтірмей келе жатқан қос боксшы жеңіл салмақтылар рейтингінде украиналық Василий Ломаченкодан кейінгі 2-ші және 3-ші орындарда орналасқан. Алайда, бұл бір-бірінен әлсіз деген сөз емес. Үшеуі де үздіктер. Тек қайсысы мықты екендігін шаршы алаңда анықтау ғана қалды. Майки мен кіші Истердің екеуі де америкалықтар болғанымен бірі Калифорниядан, екіншісі Огайодан. Яғни, бірі батыстың, екіншісі шығыстың жігіті. Дегенмен, шілденің соңғы жексенбісінде жоспарланған жекпе-жек Майки Гарсияның отаны Лос-Анджелесте өтпек. Қалай болар екен? Бойы 180 см, қолының ұзындығы 193 см болатын Роберт әккі Гарсияға қарсы қандай амал қолданар екен?.. Жекпе-жекте ІВҒ және WBC чемпиондық белбеуі сарапқа салынбақ.

Мэнни ПАКЬЯО (Филиппин) 59-7-2, 38КО – Лукас МАТИССЕ (Аргентина) 39-4, 36 КО

15 шілде (Куала-Лумпур). Жартылай орта салмақ

Бұл әйгілі Мэнни Пакьяоның чемпиондық белбеуді иеленетін соңғы мүмкіндігі болмақ. Кәсіпқой бокстағы соңғы жекпе-жегі болуы да ғажап емес. Филиппин астанасында өтетін айқаста 39 жасар «ПакМэн» аргентиналық Лукас Матиссеге тиесілі WBA чемпиондық белбеуін тартып алуға тырысады. Дегенмен, Матиссе де оңай шағылар жаңғақ емес. Көпті көрген боксшы. Жасы 35-те. 2013 жылдан бері чемпиондық атақтарға таласып келеді. Біразын жеңіп те алған.

Деметриус АНДРАДЕ (АҚШ) 25-0, 16КО – Ямагучи ФАЛЬКАО (Бразилия) 15-0, 7КО

21 шілде (Лас-Вегас). Орта салмақ

Бұл жекпе-жекте ешқандай чемпиондық белбеу сарапқа салынбайды. Кездесу бар болғаны 10 раундқа жоспарланған. Бірақ, соған қарамастан әлем бокссүйер қауымы Андраде мен Фалькао арасындағы айқасқа ерекше көз тігіп отыр. Өйткені, екеуі де бұған дейін кәсіпқой бокста жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген. Яғни, 21 шілде екеуінің біреуі үшін статистикасы бұзылатын күн болмақ. Ал жеңіске жеткеніне үлкен жекпе-жектерге жол ашылып, Сауль Альварес, Геннадий Головкин сынды мықтылармен кездесетін күн жақындауы мүмкін. Оның үстіне, екеуі де әуесқой бокста біршама жетістіктерге жеткен. Андраде 2007 жылғы әлем чемпионы болса, бразилиялық боксшы 2012 жылғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы.

Хайме МУНГУЙЯ (Мексика) 29-0, 25КО – Лиам СМИТ (Ұлыбритания) 26-1-1, 14КО

21 шілде (Лас-Вегас). Супер жартылай орта салмақ

Кәсіпқой бокста 29 жекпе-жек өткізіп, соның барлығында жеңіске жеткеніне қарамастан Мунгуйяның әлем жанкүйерлеріне таныла бастағаны биыл ғана. Геннадий Головкинді шаршы алаңға шақырып, көпшілікті таңғалдырған мексикалық 21 жасар боксшы Triple G-мен кездесе алмағаннан кейін британдық Саддам Алиді нокаутқа түсіріп, екінші жартылай орта салмақтағы WBO белбеуін тартып алған болатын. Енді міне, тағы да шаршы алаңға шықпақ. Ал Лиам Смит 2016 жылы Сауль Альвареспен айқасып, әлемге аты шыққан. Нокаутпен жеңілгеніне қарамастан сол кезден бастап Лиам көпшіліктің аузында. Карьерасындағы жалғыз жеңілісі де сол Канелодан болған еді. Сонымен, 21 шілде күні Лас-Вегаста өтетін жекпе-жек кешінің басты текетіресі кімнің пайдасына шешілер екен?

diamondring.kz

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал