04.06.2018, 9:07 27424 Бұл қайдан шыққан дөкей? Елеусіновтің қарсыласы бесаспап Горбич жайлы жаңа деректер

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов 6-шы маусым күні Лондон қаласында өтетін екінші жекпе-жегінде Габор Горбичпен жұдырықтасатын болды. Олимпиада чемпионының қарсыласы жайлы «SPORTINFORM» САА тілшісі біраз қызықты деректер легін түзді. Ал, кеттік.

Данияр кездесуін WBA Continental және Британдық серіктестіктің чемпиондық белбеуіне таласатын Лоуренс Околи мен Люк Уоткинның андеркатында өткізеді. Бірнеше күн бұрын біз хабарлағандай, қазақстандық боксшының қарсыласы Габор Горбич екені анықталды.

Қос боксшы 6-шы маусымнан 7-ші маусымға қараған түні Лондонның атақты York Hall орталығында айқасатын болады. Ал, Астана уақытымен кездесу 02.00-де басталады.  «Хабар» телеарнасы айтылған кездесуді тікелей эфирде көрсетеді. Ұрыс 6 раундқа жоспарланған.

Отандасымыздың екінші қарсыласы жайлы ақпарат көзін табу оңайға соқпады. «Аққұба» деген лақап аты бар венгриялық боксшымен таныс болыңыздар.

30 жастағы Горбич бүгінге дейін 35 кездесу өткізіп, оның 24-ін жеңіспен аяқтаса, қалған 11 ұрыста қарсыластарына жол берген екен. Ол кәсіпқой боксқа 2012 жылы аяқ басқан. Араға төрт жыл салып Габор WBO аймақтық белбеуі үшін британиялық Лиам Вилиамспен таласқа түседі. Он раундқа келісілген кездесу Габордың жеңілісімен аяқталады. Әзірге бұл венгриялық боксшының кәсіпқой бокстағы ең айтулы айқасы.

Дәл қазіргі уақытта Елеусіновтің қарсыласы кәсіпқой бокста өзіндік орны бар боксшы деп айтуға ауыз бармайды. Неге десеңіздер, BoxRec рейтингінде Горбич 450-500 орын аралығында сырғып жүргеніне біраз жыл болды. Одан тыс, венгриялық боксшының қарсыластарының тізімінен айтулы титулы бар спортшыны таппайсыз. Барлық кездесулерінің тең жартысындағы (14) қарсыластары «Аққұба» жігітке қарсы дебюттік кездесулерін өткізген екен. Сондай боксшылардың қатарына Елеусінов Рио Олимпиадасының финалында жұдырықтасқан Шахрам Гиясов та кіреді. Өзбек боксшысына қарсы Горбич осы жылдың сәуір айында соңғы жекпе-жегін өткізіп, жеңіліске ұшырады.

Осы ретте біз, «SPORTINFORM» редакциясы Өзбекстан елінің боксшысы, Азия және Әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Шахрам Гиясовқа қолқа салып, қазақстандық боксшының қарсыласы Горбич жайлы пікір білдіруін сұрадық.

«Горбич мен бұған дейін жұдырықтасқан боксшылардың арасында ең төзімдісі болып шықты. Шынымды айтсам, венгриялықтан мұндай қайсарлық пен табандықты күткен жоқпын. Бір раундтың өзінде мен оған жүзге жуық соққы жасадым, оның басым бөлігі дәл соққылар еді. Алайда, ол төзімді екен, шыдай білді. Дәл мұндай боксшыларды нокаутқа түсіру кез келген боксшыға қиынға соғады. Бір сөзбен айтқанда, оңай шағылатын жаңғақ емес. Менің досым Даниярдың келесі қарсыласы венгриялық боксшы екенін білемін. Елеусіновке жеңіс тілеймін. Данияр өте ақылды, жоғары деңгейдегі боксшы. Горбич жерлестеріңізге ешқандай да қиындық тудырғызбайды деп сенемін», - деп сөзін қорытындылады Гиясов.    

Габор Горбичты кәсіпқой боксшы ретінде таныдық. Ал, оның басқа қырлары жайында не білесіздер?

Горбич спорттың ауласынан алысқа кетпеген. Ол жеңіл және орта салмақта кикбоксингпен шұғылданған. Құр айналысып қана қоймай, біраз белесті бағындырып үлгерген. Венгриялық спортшы 40 жекпе-жек өткізген. Оның 30-нда жеңіске жетіп, қалған 10 кездесуде қарсыласына жол берген екен. Тіпті, 2013 жылы Ресейде өткен Әлемдік додада ол 63,5 салмақ дәрежесінде бірінші орынды иеленді. Габор жартылай орта салмақтағы ең үздік кикбоксшылардың рейтингінде 21-ші орында тұр. Қазір спорт мектебінде кикбоксингтен жаттықтырушы болып жұмыс істейді.

Сондай-ақ, Горбич ММА-дың жеңіл салмақ дәрежесінде төрт кездесу өткізген. Төрт кездесудің тек біреуінде жеңіс тойласа, қалған ұрыстарда таяқтың астында қалған.

Атақты Венгрияның blikk агенттігінің хабарлауы бойынша, Горбич елге әмбебап спортшы ретінде танылған. Баскетбол және футболды да жанына серік еткен деп жазады олар.

Айта кетейік, Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін 28-ші сәуір күні америкалық боксшы Ноа Киддқа қарсы Нью-Йорктегі Barclays Center аренасында өткізді. Алты раундқа есептелген жекпе-жектің үшінші кезеңінде қазақстандық боксшы техникалық нокаутпен жеңіске жетті.



 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал