28.06.2018, 18:30 4596 «Тур де Франс» – №105. «Астана» қайтсе үздіктер қатарынан көрінеді?

Енді 10 күннен кейін Франциның Нуармутье-ан-л'Иль қаласында әйгілі «Тур де Франс» көпкүндігі басталады. Веложарыстардың төре бәйгесінен биыл не күтеміз? Жыл сайын үздіктер қатарынан көрінуді көздейтін «Астана» биыл бұл жарыста көсіле ала ма? Жанкүйерлерді тағы қандай қызықтар күтіп тұр? Осы және өзге де сұрақтарға бірге жауап іздеп көрелік.

№105

Ғасырдан астам тарихы бар «Тур де Франс» бәйге веложарыстардың ішіндегі ең көнесі саналады. Тек Дүниежүзілік соғыстар кезінде ғана өтпей қалған көпкүндік 1903 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бүгінге дейін тұп-тура 60 шабандоз осы жарыста жеңімпаз атанған. Ал жеңістерінің саны жөнінен рекордсмендер саны – төртеу. Француздар Жан Анкетиль мен Бернар Ино және бельгилық Эдди Меркс пен испанилық Мигель Индурайн бес реттен жалпы есептің сары жейдесін жеңіп алыпты. Дегенмен, 1999 жыл мен 2005 жыл аралығында америкалық Луис Армстронгқа жетер ешкім болмаған. Жеті жыл қатарынан жеңіске жетті. Бірақ, кейін допинг дауына ұшырап, барлық атақтарынан айрылған.

«Астана» «Тур де Франс» көпкүндігіне 2007 жылдан бері қатысып келеді. Осы аралықта үш рет жеңімпаз атанғанымызбен 2010 жылы Альберто Контадордың сары жейдесін алып қойды.

Жарыс жолында 22 команда

Биыл «Тур де Франс» көпкүндігіне барлығы 22 команда қатыспақ. Оның 18-і әлемдік деңгейдегі клубтар болса, қалған төртеуі арнайы «уайлд-кард» шақыртуын алған құрлықтық командалар. Әлі де құрамдарын жасақтап жатқандықтан әзірге қатысушылардың нақты саны белгісіз. Дегенмен, әдеттегідей 200-ден асып қалуы тиіс.

«Тур де Франс-2018» командалары:

Әлемдік кәсіпқой командалар

"Астана" (Қазақстан),

AG2R La Mondiale (Франция),

Bahrain-Merida (Бахрейн),

BMC Racing (АҚШ),

Bora-Hansgrohe (Германия),

Groupama-FDJ (Франция),

Lotto-Soudal (Бельги),

Mitchelton-Scott (Аустралия),

Movistar (Испания)

Quick-Step Floors (Бельгия),

Dimension Data (Оңтүстік Африка Республикасы),

EF Education First-Drapac (АҚШ),

Katusha-Alpecin (Швейцария),

LottoNL-Jumbo (Люксембург),

Sky (Ұлыбритания),

SunwebUSA Trek-Segafredo (Германия)

UAE Emirates (Біріккен Араб Әмірлігі)

Құрлықтық кәсіпқой командалар

Cofidis (Франция),

Direct Énergie (Франция),

Fortuneo-Samsic (Франция),

Wanty-Groupe Gobert (Бельгия).

21 кезеңге кім шыдайды?

2018 жылғы «Тур де Франс» көпкүндігі 21 кезеңнен құралып отыр. Ең үзақ маршрут шабандоздарды 6 кезең, яғни шілденің 13-і күні күтіп тұр. Қатысушылар Фужер мен Шартр қалалары арасын құрап жатқан 231 шақырымды жүріп өтулері тиіс. Қайта бұл кезең жазық жолдар арқылы өрбитіндіктен спортшыларға аса ауыр бола қоймас. Ал ең қысқа қашықтық бар болғаны 31 шақырымға созылады. Бұл шабандоздардың сөреден жеке шығып уақытқа жарысуы болмақ. Жарыстың жалпы ұзақтығы – 3 350,5 шақырым.

«Астанадан» биыл не күтеміз?

Алдымен команданың құрамына көз жүгіртіп көрелік. Рас, әлі нақты кімдердің қатысатындықтары белгісіз. Клубтың менеджерлері бұл мәселені жарысқа таяу шеше жатар. Дегенмен, болжалды түрде айтқанда «Тур де Франста» «Астана» намысын қорғайтын 4-5 спортшының есімі белгілі. Олар: даниялық Якоб Фульсанг, италилық Дарио Катальдо, испаниялық Луис Леон Санчес, данилық Михаэл Вальгрен және қазақстандық Дмитрий Груздев. Қалған үш орынға испаниялық Пельо Бильбао, эстониялық Танел Кангерт және қазақстандық спринтер Алексей Луценко шақырту алуы мүмкін. Әзірге топшыламай-ақ қоялық. Бірақ, Фульсанг капитандық міндетті атқарса, Груздев пен Бильбао жарыстағы бір кезеңге таласуы ықтимал. Ал Дарио Катальдо бұршақты жейдеге таласса, Танел Кангерт әр кезеңде соңына дейін капитанмен бірге болып, басты грегаридің қызметін атқарады-ау. Егер бәрі жоспардағыдай өтсе, онда «Астана» жалпыкомандалық есепте бірінші орынға таласатыны сөзсіз. Ал капитаннан кем дегенде үздік үштікке ілігуін күтеміз.

«Астананың» басты бәсекелестері кімдер?

«Тур де Франс» көпкүндігіне бір ай қалғанда жарысқа «Скай» командасының қос лидері британдықтар Крис Фрум мен Герант Томастың да қатысатыны белгілі болды. Фрумның амбициясы түсінікті. Ол бес дүркін жеңімпаз атанып, жоғарыда аталған рекордсмендердің қатарына қосылғысы келеді. Оның үстіне, жақында «Джироны» да жеңген ол биыл бабында. Герант Томас «Скайдың» резервтегі лидері болатын сияқты. Өйткені, «Джиродан» кейін Фрумның қаншалықты өзіне келіп үлгергені белгісіз. Сондай-ақ, «BMC Расинг» сапындағы аустралиялық Ричи Порте де бұл жарысқа тек сары жейде үшін қатысатыны сөзсіз. Бұлардан бөлек, Адам Йейтс пен Марк Кавендиш және словак Петер Саган мен неміс Андре Грейпел де «сен тұр мен атайын» деген жігіттер. Бұлардын қатарына экс-«астаналық» Винченцо Нибаллиді де қосыңыз. Бір сөзбен айтқанда, биылғы «Тур де Франс» шынымен де тартысқа толы болғалы тұр.

presidential-club.com

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал